×

Депутаттар бір күндік жалақысын «Қазақстан халқына» қорына аударды

Қор денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау саласындағы нақты проблемаларды шешумен айналысады

 Халық үні 17.01.2022 | 10:20
көрнекі фото: parlam.kz

Сенат пен Мәжіліс депутаттары Президенттің «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру туралы бастамасын қолдап, өздерінің бір күндік жалақысын осы қорға аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырған болатын.

Қор денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау саласындағы нақты проблемаларды шешумен айналысатын болады.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қорда жинақталған қаржы сирек кездесетін ауруы бар балаларға көмек көрсетуге, қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балаларға арналған спорт нысандарын салуға, қабілетті балаларға қолдау көрсетуге және басқа да әлеуметтік мақсаттарға бағытталады.

Бұған дейін «Қазақстан халқына» қоры кеңесінің құрамына Ораз Жандосов енгенін хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ экономист Олжас Құдайбергенов «халық қорға ақша аудармауы керек, керісінше алуы керек» деген пікір айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама