Таңертең Антальяға ұшып шығуға тиіс болған екі жүзден аса жолаушы әуежайда бөгеліп қалды
Air Astana ұшағы фюзеляждағы зақымға байланысты Алматыдан Антальяға уақытында ұшып шыға алмады. Бұл туралы әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Рейс таңғы 09.40-та аттануға тиіс еді. Оған 209 жолаушы тіркелген.
Air Astana әуе компаниясының Алматы – Анталья бағытындағы КС 915 рейсі ұшақтың кеш қонуына байланысты кешігіп жатыр. Ұшақ фюзеляжына бұған дейінгі рейстерді орындау кезінде зақым келген. Зақымды бағалау және жою жұмыстары жүргізілді, - делінген хабарламада.
Осыдан кейін ұшақтың ұшу уақыты 17.15-ке белгіленді.
Әуе компаниясы жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұрады.