Қазақстандық QazaqGaz ішкі нарық үшін газ көлемін ұлғайтады
Қазақстан Республикасының ішкі нарығын тауарлық газбен қамтамасыз ету үшін Орынбор газ өңдеу зауытының нысандарында қазақстандық газды өңдейді
Қазақстандық QazaqGaz ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жаркешов пен "Газпром" ЖАҚ басқарма төрағасы Алексей Миллер Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды QazaqGaz баспасөз қызметі.
Құжатқа сәйкес, тараптар Орынбор ГӨЗ-де қазақстандық газды өңдеу көлемін жылына 11 миллиард текше метрге дейін ұлғайтады. Бұл қадам Қазақстанның ішкі нарығына тауарлық газ жеткізуді бір жылда 1,7 миллиард текше метрге арттырады. Бұл өз кезегінде қазақстандық тарапқа сұйық көмірсутектерді өндіруді арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, "КазРосГаз" ЖШС мен "Газпром Переработка" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында 2022-2023 жылдар аралығында қазақстандық газды өңдеу туралы келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, 2022 жылы бұрын жоспарланған 8,1 миллиард текше метр көлемге қосымша шамамен 0,57 миллиард текше метр газды, ал 2023 жылы 2022 жылдың бастапқы деңгейіне қосымша 1,23 миллиард текше метр газды өңдеу жоспарлануда.
"КазРосГаз" ЖШС мұнай-газ конденсаты кен орнының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының ішкі нарығын тауарлық газбен қамтамасыз ету үшін Орынбор газ өңдеу зауытының нысандарында қазақстандық газды өңдейді. Жылдық өңдеу көлемі жылына шамамен 9 млрд текше метр.