×

Танымал әнші Мұхтар Шахановқа ескерткіш қоюды ұсынды

Ол тіпті қаланы да атауға тұрарлық тұлға деп есептейді

 Халық үні 17.06.2022 | 20:03
фото: inform.kz

Әнші Айқын Төлепберген Instagram-дағы парақшасында ақын Мұхтар Шахановқа ескерткіш қою туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Ол Шахановты оның есімімен қаладағы ірі көшелерді, тіпті қаланы да атауға тұрарлық тұлға деп есептейтінін айтты.

«Бүгін бір жаңалық естідім. Тоқаев мырза Мұхтар Шаханов ағамызға «Қазақстанның Еңбек ері» деген дәрежені беріпті. Менің ойымша, бұл жай ғана үйде тұратын диплом сияқты. Себебі Мұхтар Шаханов секілді ұлы тұлғаға, аңыз адамға Алматы қаласының қақ ортасынан көше беру керек немесе Алматының қасындағы Қаскелең, Шамалған сияқты қалмақтың батырларының атымен аталып тұрған қалаларға сол кісінің атын беру керек. Ескерткішті тірі кезінде қою керек деп ойлаймын. Себебі ағамыздың қазақ тіліне, қазақ тілінің дамуына, қазақ тілінің сақталуына, жалпы қазаққа істеген еңбегі өте зор. Мұхтар Шаханов аман болсын. Біз әрқашанда сізді қолдаймыз, аға. Денсаулығыңыз мықты болсын», - деді ол. 

Сондай-ақ ол үндеуіне қосылатын көпшіліктен видеосын желіде таратуға көмектесуін сұрады.

Еске сала кетейік, күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын табыс еткен болатын. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама