Бүгін Нұрлыбек Нәлібаев Мәжілістегі тыңдауға қатысты
Бүгін журналистер Мәжілістегі тыңдауға қатысқан Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевты тоқтатып, шенеуніктен құны 9 миллион теңге тұратын қолсағаты қайда екенін сұрамақ болды. Алайда журналистің сұрағын жауапсыз қалдырған шенеунік алды-артына қарамастан «қаша жөнелген» еді.
Арада 4-5 сағат уақыт өткен соң облыс басшысы Мәжіліс дәлізіндегі әрекетін түсіндірді.
«Жиын аяқталардан 15-20 минут бұрын сұранып, келесі іскерлік кездесуіме асығыс шығып кеттім. Маған бетпе-бет ешқандай журналист тікелей қаратып сұрақ қойған жоқ. Алайда, баспалдақта менен өзге де адамдар болғандықтан, артымнан атымды немесе қызметімді атап қойылған сауалды естімегеннен кейін, кешігіп бара жатқан кездесуіме жылдам жүре бердім», - деп түсіндірді.
Облыс басшысы әлеуметтік желілердегі 2016 жылы түскен (өзінің айтуынша) фотосында тағып түскен сағатына қатысты тағы да тоқталды.
«Негізінен, бұл сағатты ертеректе алғанмын. Менің мемлекеттік қызметке дейін 10 жылға жуық бизнес саласында жүргенімді өмірбаянымнан көре аласыздар. Сондықтан бұл мәселеде жасырын ештеңе жоқ деп ойлаймын және әрдайым БАҚ өкілдерінің сауалдарына ашық жауап беруге дайынмын», - деді шенеунік.