×

Қазақстан мен Татарстан: тауар айналымы 423 млн долларға жетті

«КАМАЗ» бен «Татнефть» компанияларымен біріккен жобалар іске асады

 Дастан Жұмабекұлы 17.06.2022 | 13:24
фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербургке сапары Татарстан президенті Рустам Миннихановпен кездесуден басталды.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесуде Қазақстан мен Татарстанның сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығы талқыланды. Экономиканың маңызды секторларындағы бірлескен жобаларды Қазақстан аумағында іске асыруға, еліміздің зауыттарын Ресей Федерациясының өндіріс жүйесімен қатар дамытуға баса мән берілді.

Сонымен қатар «КАМАЗ» бен «Татнефть» компанияларымен біріккен жобаларды іске асыру мәселесі қарастырылды.  Кездесуге компаниялардың басшылары да қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Рустам Миннихановқа ілтипат білдіре отырып, өзінің Татарстанға барған сапарын айрықша ықыласпен атап өтті.

Біз келісімдеріміздің іске асып, алға қойған мақсатқа қалай жетіп жатқанымызды көріп отырмын. Бәрі де бақылауда деп айтуға болады, – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның Ресеймен көпжақты қатынастарында маңызды орын алатын қазақ-татар байланыстарының қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Республикамен арадағы тауар айналымы 423 миллион доллар болды. Биылғы төрт айда 143 миллион долларға жетті. Машина жасау саласындағы ірі жобалар табысты іске асырылып жатыр. Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық форумы ынтымақтастықты кеңейтуге жақсы мүмкіндік береді.

Өз кезегінде Рустам Минниханов Қазақстан басшысына Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында кездесуге мүмкіндік туғызғанына ризашылығын білдіріп, татар компанияларының қазақстандық серіктестерімен ықпалдастық орнатуына қолдау көрсетіп жатқаны үшін алғыс айтты.

Қазақстан компанияларының Ресей нарығына Татарстан арқылы кіруге мүмкіндік алуына пайдамызды тигізгіміз келеді. Біз қолдау көрсетіп, ықпал етуге дайынбыз, – деді Татарстан президенті.

Бүгін түс ауа Мемлекет басшысы Петербор халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысына қатысады. Одан кейін Ресей президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесу өткізеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама