Еуропа мемлекеттері алып зеңбіректер жібереді
Франция, Италия, Германия және Румыния лидерлері Ресей басқыншылығына қарсы соғысып жатқан Украинаға көмек беретіндерін айтты. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Киев қаласына Франция, Италия, Германия және Румыния елдерінің басшылары Эммануэль Макрон, Марио Драги, Олаф Шольц пен Клаус Йоханнис келді.
Кездесуде Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің бейбітшілікті емес, тек соғысты қалайтынын, бар мақсаты Украина мен Еуропа одағын қирату болып отырғанын айтты.
Баспасөз мәслихатында Италия премьер-министрі Марио Драги Ресеймен бейбіт келісім тек Украинаны қанағаттандыратын сипатта ғана жасалуы тиіс екенін мәлімдеді. Ол өз сөзінде Украина тұрғындарының соғыстың аяқталатынына зор үмітті екендерін байқағанын әңгімелеп, енді өздерінің «Украинаның өз болашағын өзі қалағандай етіп құруларына көмектесулері керек» екенін айтты. Сонымен бірге ол Италияның Украинаға соғыста қираған инфрақұрылымдарды жөндеуге көмектесетінін жеткізді.
Кездесуде Германия канцлері Олаф Шольц 800 мың украин босқындарының қазір өз еліне келгенін айтып, мемлекеттің олардың жағдайларын жасайтындарына сендірді. Сондай-ақ, ол таяу күндерде қару жеткізуді бастап кететінін, қаруды соғыс біткенше жеткізе беретінін ескертті.
Франция президенті Эммануэль Макрон жақын арада тағы алты Caesar зеңбіректерін беретініне уәде етті.
Төрт елдің басшылары Владимир Зеленскиймен кездескеннен кейін Украинаға Еуропа одағына мүшелікке кандидат статусын беруді жеделдету керек екенін мәлімдеді.