Ол ұлт ұстазының әкесінің кіші інісі Ерғазының ұлы Жұқанның қызы Нұрзипадан туады
Белгілі журналист Абылай Мауданов ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының Ресейдегі жиендерінің табылғанын хабарлады.
Ол Facebook-те Орынбор қаласында «Ахаң жүрген жолмен» экспедициясы мүшелерінің Алаштың ардақтысының жиені Ақаш Балмағанбетовпен кездескені туралы айтты.
«Бүгін Орынбордағы Керуен-сарай кешені — (Каруанһарай) Башқұрт халық үйінде Халықаралық «Қазақ тілі» орталығының мүшелерімен кездесу өткізді. Осы жерде Ахмет Байтұрсынұлының туыстарымен кездестік. Алаш ардақтысының жиені Ақаш (Әбілқасым) Жолмырзаұлы Балмағанбетов Октябрь ауылында тұрады екен. Ол — Ахаңның әкесі Байтұрсынның кіші інісі Ерғазының ұлы Жұқанның қызы Нұрзипадан туады. А.Байтұрсынұлы құрастырған «23 жоқтауда» «Ерғазының жоқтауы» деген жоқтау бар.
Ерғазы — Ахаңның өмірінде орны ерек адам. Айдауға кетіп бара жатқан Байтұрсын баласын оқуға беруді осы інісіне аманаттайды. Інісі аманатқа қиянат қылмайды. Сөйтіп, әкесінен тірідей айрылған Ахмет Торғай мектебінің шәкірті атанады. Нүрзипа Ерғазының немересі», - деді ол.
Одан кейін ол Ақаш Жолмырзаұлының нағашысы мен отбасы туралы айтып бергенін жазады.
«Анам 1983 жылы 72 жасында қайтыс болды. 18 жасында қуғын көріп, Орынборға ауып келіп, әкеммен шаңырақ құрған. Ол кісі бауырларын өле-өлгенше іздеп өтті. Бері келе Қостанай жақтан туыстарын тауып, бір апта төркіндеп келгені есімде. Сөйтсем, анам Ахмет Байтұрсынұлының ең жақын туысы екен ғой. Сол үшін репрессияға ұшырағанын енді біліп жатырмыз. Кейде «біздің нағашымыз кім?», деп сұраймыз. Сонда үнсіз егіліп: «Торғай деген жер бар, Ақкөл деген көл бар. Нағашыларың мықты жерден. Әттең атын айтуға әлі ерте» дейтін.
Анам қазақы кісі еді, бие байлап, қымыз ашытатын. Ауыл-аймақ қадір тұтты. Ара-тұра туған елін сағынып, жылап алушы еді. Араға ұзақ уақыт салып нағашыларымның дерегін тапқаныма қуаныштымын. Бүгін кездесіп мәре-сәре боп жатырмыз, — дейді Ақаш Балмағанбетов», - деді ол.
Оның айтуынша, кездесуде делегация басшысы Ахаңның жиендерімен жүздесуді ұйымдастырған Сәуле Совхозқызына зор алғысын білдірді. Өз кезегінде Сәуле ханым Т. И. Тугайдың Ахаң жайлы қос тілде шыққан кітабын сыйға тартты. Жергілікті башқұрт бауырлар атынан құттықтаған Гүлима Жангабылова ханым қасиетті құран кітабын тарту етті. Бұл сыйлықтарды экспедиция Ахаң музейлеріне аманаттамақ.
«Жиын соңында экспедиция жетекшісі Ибраһим Ағытай Ресей жерінде қазақтың тілі мен мәдениетін сақтап, насихаттауға үлес қосып жүрген ұлтжанды азаматтар, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бисенғали Ғаббасұлы Құтлеев пен Орынбордағы «Атамекен» Қазақ ұлттық мәдени автономиясының төрағасы Руслан Сапарғалиұлы Чукеевтің кеудесіне «Алаштың 100 жылдығы» медалін тағып, бірқатар қатысушыларға «Ахаң жүрген жолмен» экспедиясының имидждік бұйымдарын табыс етті», - деді журналист.
Сонымен бірге ол бүгінде Орынборда 136 мыңнан астам қандасымыз тұратынын, олар осы жердің байырғы тұрғындары болса да жастар жағы ана тілінен ажырап бара жатқанын айтты.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы бұл мәселені үнемі көтеріп келеді. Яғни, Қазақстан тарапы хабардар. Ал жиынға ахметтанушы, «Ахмет Байтұрсыновтың Орынбордағы жолы» кітабының авторы, РФ өлкетанушылар одағының мүшесі Татьяна Тугай қатысып, ұлт ұстазы туралы тың деректерін ортаға салды. Басқосуды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Орынбордағы өкілдігінің төрайымы Сәуле Таикешева жүргізіп отырды», - деді қаламгер.