×

Алматы әуежайы арқылы қазақстандықтар 528 млн теңгені заңсыз алып өтпек болған

Оларға жалпы сомасы 3,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды

 Дәурен Ерболат 17.06.2022 | 09:41
Фото: tengrinews.kz

Жыл басынан бері қазақстандықтар Алматы әуежайы арқылы 528 млн теңгені заңсыз өткізбек болған, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитеті.

Заңбұзушылықтарды кеденшілер анықтаған.

«Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 551 және 545-баптары бойынша 103 әкімшілік істі тіркеді, әрі қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар 13 факті анықталды. Декларацияланбаған қолма-қол ақша қаражатының сомасы 528 млн теңгеден асты. Заңды бұзғандарға жалпы сомасы 3,2 млн теңге айыппұл салынды, - деп жазылған хабарламада.

МКК тіркелген деректерге тоқталды.

«Биыл қаңтарда алматылық кеденшілер «Алматы-Абу-Даби» бағытындағы әуе рейсінің кедендік бақылауынан өткеннен кейін ұшып шығу залында қазақстандық әйелді тоқтатқан. Одан 57 мың доллар декларацияланбаған қолма-қол ақша табылған. Ақпанда «Алматы-Ыстамбұл» әуе рейсіне отырмақ болған Қазақстан азаматын тексергенде 97 мың доллар декларацияланбаған қолма-қол ақша анықталды. Материал экономикалық тергеу департаментіне берілді. Бұл дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 234-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды (экономикалық контрабанда)», - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ Мамырда «Сеул-Алматы» бағытындағы әуе рейсінің кедендік бақылауынан өткеннен кейін ұшып шығу залында қазақстандық әйел тоқтатылды. Онда 12 мың доллар қолма-қол ақша болған.

Маусымның басында ұшып келу залында «Дубай-Алматы» әуе рейсін кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан азаматы тексерілген. Онда 23 200 доллар болған. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, Президенттің 2022 жылғы 14 наурыздағы №830 жарлығына сәйкес, шетелге 10 мың доллардан асатын қаражатты әкетуге тыйым салынған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама