×

Сушиден уланғандар отбасымен бірге ауруханада жатыр

Осыған дейін үйінде емделгендер бүгінде инфекциялық ауруханаға түскен

 Наима Нұрәлі 16.06.2022 | 23:00

«Okadzaki» мейрамханалар желісінде тамақтан уланғандар саны 98-ге жетті. Оның ішінде 20 бала ауруханада жатыр. Осыған дейін үйінде емделгендер бүгінде инфекциялық ауруханаға түскен. Себебі жағдай оңалар емес. Ас ішіп, ауруханадан бір-ақ шыққандардың жағдайы қалай? Қайтыс болғандар бар ма? Осы орайда Halyq Uni тілшісі тамақтан уланған тұрғындармен тілдесіп, мән-жайды анықтап білді.

Елорда тұрғыны Бауыржан Құсайыновтың 6-сыныпта оқитын немересі де пиццадан уланып, ауруханаға түскен. Бүгін төрт күннен бері үйде емделіп жүрген келіні мен екінші немересінің денсаулығы күрт нашарлап, олар да ауруханадан бір-ақ шықты. Зейнеткер өткен аптаның жексенбісінен бері жандарын шүберекке түйіп отырғанын жеткізді.

Үлкен немерем төрт күннен бері ауруханада жатыр. Сол күні «Okadzaki»-ден пицца тапсырыс берген. Төрт жастағы екінші немерем мен келінімнің де жағдайы мәз емес. Дәрігерлер уланған дейді. Тексерілуге барған күннің өзінде бір сағат күттік. Себебі, сол күні адам көп болыпты. Аталмыш мейрамханада жұмыс істеген таныстарымыз бар еді. Хабарласып сұрастырсақ, санитарлық талаптар сақталмайтынын растап отыр. Қазір Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті де кез келген нысанға барып, тексере алмайды. Өйткені тексеріске мораторий бар. Бір жағынан жақсы болғанмен, екінші жағынан осындай күйге түсіріп отыр, - деп налыды зейнеткер.

Байқоңыр ауданында орналасқан қоғамдық тамақтану орны уақытша жабылды. Қалғаны толығымен жұмыс істеп жатыр. Қалалық санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті мамандарының дерегінше, аталмыш мейрамханада құжат бойынша 50 адамға қызмет көрсетуі тиіс. Алайда, орындар санын асырып, жалғанды жалпағынан баса жұмыс істеп келген. Асхананың тазалығы, азық-түліктің сақталуына қатысты күмән көп.

«Улану фактісі тіркелгеннен кейін Байқоңыр ауданы Санитариялық-эпидемиологиялық басқару басқармасы «Okadzaki» мейрамханасына эпидемияға қарсы қаулы берген болатын. Оның ішінде жабылу туралы нұсқаулық жазылған. 13 маусымнан бастап мекеме жұмысын тоқтатты. Уақытша жабылып тұр. Сараптама нәтижесі шыққаннан кейін белгілі болады», – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жаннат Пірәлиева.

Бүгінде 67 адам әлі ауруханада. Виктория Кузгамбаева да уланғандардың қатарында. Қала тұрғыны бұдан былай аталмыш тамақтану орнына аяқ баспайтынын айтады.

«5 маусымда отбасымызбен Мәңгілік ел даңғылы, 22-үй мекенжайында орналасқан «Okadzaki» суши-барда тамақтандық. Жанымызда балалар да бар еді. Үйге келгенімде ішімнің ісінгенін сездім. Түнімен ұйықтай алмадым. Дене қызуым көтеріліп, ертеңгі күнді әрең өткіздім. Әркім бұл оқиғадан әртүрлі ой түйер, бірақ мен бұл жерге екінші рет бармаймын деп шештім», - деді Виктория Кузгумбаева.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, уланғандар арасында адам шығыны жоқ.  Қазіргі уақытта «Okadzaki»-ден тамақтанған 67 адам қалалық ауруханаларда жатыр. Медициналық көмекке жүгінген азаматтар іштің қабынуы, өтуі, жүректің айнуы және тағы сол сияқты белгілерге шағымданған. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама