Оны келесі жылдың ортасында түбегейлі аяқтау керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатқанын айтты.
Мен былтыр еліміздің академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы тапсырма бердім. Қазір Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатыр. Белгілі ғалымдарымыз жұмылып, осы маңызды іске атсалысуда. Мен өзім де бұл жұмысқа үлесімді қосамын. Оны келесі жылдың ортасында түбегейлі аяқтау керек. Дегенмен, мәселе уақытта емес, сапада, - деді Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.
Президент Қазақстан тарихы жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек екенін атап өтті.
Тоқаев ғылым және жоғары білім министрлігіне мұны айрықша қадағалауды тапсырды. Қажет болса, бұл жұмысқа шетел ғалымдары да тартылады.
Еске салсақ, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті.