Halyq Uni логотип
×

Жаңа Салық кодексі бәріне түсінікті болуға тиіс – депутат

Өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға басымдық берілуі керек

 Дәурен Ерболат 27.12.2024 | 15:15
Жаңа Салық кодексі бәріне түсінікті болуға тиіс – депутат
Фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Жаңа Салық кодексі бәріне түсінікті тілде жазылу керегін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, партияның жұмыс істеп жатқанына 2 жыл болған.

Биыл Парламентте белсенді жұмыс істедік. Өзіміз бастамашылық еткен заңдарды қоғамдағы өзекті тақырыптарға, бизнесті дамытуға арнадық. Жалпы фракциямен алып қарайтын болсақ оннан астам заңға бастамашы болдық. Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойып, күшіне енген заңдар да бар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларды жоюға арналған, лудоманияқа қарсы күреске, жол жөндеу жұмысындағы шикіліктерді жоюға және тағы басқа салаларды қамтитын заңдар бар, - деді Мәжілістегі партия фракциясының жетекшісі.

Айдарбек Қожаназаров қазақы жылқы тұқымдарын сақтауды көздейтін заң жобасын Мәжіліс депутаттары қолдағанын, бұл маңызды құжат болғанын атап өтті.

«Жылқыға деген құрмет қазақтың қанына сіңген. Дегенмен қазақы тұқымды жылқыдан айырылып қалардай жағдай болды. Мысалы, Қостанай тұқымы 70 жылға созылған ғылыми зерттеудің нәтижесінде шығарылды. 1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қостанай жылқысының тұқымы тіркелді. Алайда бүгінде ресми тіркелген бұл жылқының саны 270 бастан аспайды, ал Адай жылқысы тұқымының 1300 басы тіркелген. Сондықтан заңға бастамашылық етіп, Президенттен қолдау тауып, заң күшіне енді», - деді депутат.

Ол Мәжілістегі Respublica фракциясында 6 депутат ғана барын жеткізді. Осыған қарамастан олар бастама көтеріп, Мәжіліске түскен заңдарға 1400 түзету енгізді, оның 500-ге жуығы қабылданды.

Мемлекеттік сатып алу» саласына қарастырайық. Қай өңірге барсаңыз да бұл жүйеде шикілік көп екені айтылады, оны біз де көріп отырмыз. Сондықтан саланы оң бағытқа өзгертетін 70-ке жуық түзету енгіздік.

Мысалы, жеткізуші (поставщик) квазимемлекеттік орган болса, олармен қатар сатып алуға жеке кәсіпкерлер де жеткізуші ретінде қатысып жатса онда автоматты түрде квазисектордың өтініші алынып тасталады. Бұл кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жасалды.

Сондай-ақ шағымдарды қарау тетігі жаңартылды. Сатып алуды жедел жүргізу, тапсырыс берушілерге үлкен өкілеттіктер беру, сондай-ақ сатып алу рәсімдерінің кешіктірілуін болдырмау мақсатында шағымдарды енді сатып алуды ұйымдастырушының өзі тікелей қарайды.

Сыбайлас жемқорлық тарихы бар жеткізушілерге тыйым салу да енгізілді. Басшылары немесе құрылтайшылары сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаған жеткізушілердің, сондай-ақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі бар жеткізушілердің Мемлекеттік сатып алуларына қатысуға тыйым салынады.

Қосалқы мердігерлік шектеу де маңызды бөлігі. Енді қосалқы мердігерлерге берілетін жұмыстар мен қызметтердің шекті көлемі 50%-дан 30%-ға дейін қысқартылды», - деді Қожаназаров.

Сондай-ақ депутат жаңа салық кодексіне қатысты пікір білдірді.

Президент бұл құжатты қабылдауды келер жылға қалдырды. Әрине, салық кодексін бизнестің барлық өкілі күтеді. Біз оны жаңартылған, заманауи, түсінікті, жеңіл болуы керек деп санаймыз. Шынында да салықтың 80%-ын тек 260 компания төлейді. Елімізде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп отыр. Бірақ осыған қарамастан шағын бизнес ортаңғыға, ортаңғы үлкен бизнеске айналып жатқан жоқ. Бұл жақсы көрсеткіш емес. Жаңа салық кодексі бұл мәселені шешуі керек, - деді ол.

Оның пікірінше, жаңа заңда төмендегі ұсыныстар ескерілуі керек:

  • Бірыңғай аграрлық салық: 8 түрлі салықты біріктіріп, жердің кадастрлық құнына негізделген бірыңғай салық енгізуді ұсынамыз. Бұл ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға ықпал етеді және шаруа қожалықтарына қолданылмайды.
  • Экологиялық төлемдер: Экологиялық төлемдер үшін 5% көлемінде салықтық шегерім енгізуді ұсынамыз. Бұл бизнестің жүктемесін азайтып, инвестициялық тартымдылығын арттырады.
  • Корпоративтік табыс салығының дифференциалды мөлшерлемесі: Өңдеу өнеркәсібі үшін: жоғарыға – 5% мөлшерлемесін енгізуді ұсынамыз (Үкімет 10%-ды ұсынды);
  • Шағын және орта бизнеске арналған арнайы салық режимі мөлшерлемесі: B2C үшін – 3% (жоғарылатусыз) (Үкімет 4+2%); Өндірістік сектор үшін – 2%; (Үкімет 5% ұсынып отыр B2B үшін – 8% (Үкімет 12% ұсынып отыр);
  • Креативті индустрия: Бұл секторды 3–5 жылға корпоративтік табыс салығынан толық босатуды ұсынамыз (Мысалы, Оңтүстік Кореядағы Kpop саласы)
  • Қалдықтарды жинау мен сұрыптау: Қалдықтарды қайта өңдеу мен сұрыптауды ынталандыру үшін 70% салықтық жеңілдік енгізуді ұсынамыз. Бұл мемлекеттің қалдықтарды көмуге кететін шығындарын азайтады;
  • Букмекерлік кеңселер үшін салық: корпоративті табыс салығының мөлшерлемесін 25%-дан 30%-ға көтеруді және қосылған құн салығын қайтаруды ұсынамыз;
  • Әлеуметтік сала: әлеуметтік ұйымдар (медицина, білім, мәдениет) үшін корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесін 5%-ға дейін төмендетуді ұсынамыз (қазіргі 0% процент, бірақ Үкімет 10% болуын ұсынып отыр).

Айдарбек Қожаназаровтың пікірінше, Қазақстан экономикасын дамыту үшін өңдеу өнеркәсібіне қолдау қажет.

«2000 жылы өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі 16,5% болды. 2023 жылғы бұл көрсеткіш 12,1%-ға төмендеді. Қазір ол сауда саласынан (18%) және тау-кен өнеркәсібінен кейін қалып отыр. Біз ел экономикасын жақсартамыз десек, осы өнідіріс саласын қолдауымыз керек.

Қазақстанға шамамен 23 млрд доллар инвестиция құйылды дейміз. Бұл – көзбояшулық. Инвестицияның жалпы ағынына қайтарыммен және пайызбен берілетін несие мен қарыз елеулі үлес қосады. Бұл олардың нақты экономикалық пайдасын төмендетеді. Егер осыны есепке алсақ, таза инвестиция ағыны 3,3 млрд болады. Бұл көрсеткішке сондай-ақ, шетелдік компаниялардың елде тапқан табысын қайта инвестициялау (реинвестиция) да кіреді. 2018 жылдан бастап қарасақ, таза инветсиция көлемі өспеген. Бизнеске салынатын қаражаттың 70%-дан астамын бизнесмендер өздері табады, ал мемлекеттің қолдауы – 16% шамасында, қалғаны банк арқылы, - деді ол.

Сондай-ақ депутат ауыл шаруашылығындағы мәселелерге тоқталды.

«Ресей Қазақстан астығын өз аумағы арқылы басқа елдерге тасымалдауына қойған шектеу қойды. Әрине, биыл астық мол жиналды. Бірақ оны экспорттай алмау диқандарды әбігерге салды. Бұл мәселені бірден қолға алып, Еуразиялық экономикалық деңгейде көтеруді талап еттік. Мәселен бидай, жасымық және майлы зығыр тұқымдарын экспортқа шығара алмадық.

Депутаттық сауал жолдадық. Нәтижесінде үкіметаралық комиссияның отырысы өтіп, онда «Россельхознадзордың» қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін негізсіз біржақты қайтаруына қатысты жағдай талқыланды. Осылайша, комиссия екі елдің уәкілетті органдарына шектеулерді алып тастау үшін қысқа мерзімде консультация өткізуді тапсырды, шектеу алынып тасталды.

Сонымен қатар шетелдік астық және сүт өнімдерін жеткізушілердің заңсыз импорты және баға демпингі де үлкен мәселе.  Бұл сұрақты Мәжіліс қабырғасында көтеруімізге өңірлерде шаруалармен кездесу түрткі болды. Бұл мәселені тек көтеріп қана қоймай, шешімін табу үшін жуапты орган өкілдерімен кездесу өткізіп, мәселеленің шешімін таптық. Мысалы, шетелдік бірқатар компаниядан сүт өнімдерін әкелуге уақытша тыйым салынды, Техникалық регламентке сәйкес келмейтін сүт өнімдерін жеткізушілерге рейд жүргізу жұмысы басталды, - деді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі.

Respublica төрағасы биыл 15 өңірде жұмыс сапарымен болып, халықпен кездескенін жеткізді.

«Өңірлерде, партия қабырғасында және Мәжілісте халықпен кездесу, яғни қоғамдық қабылдауды алсақ 900-ге жуық адамды қабылдадым. Айтылған өзекті мәселелерді бақылауға алып, қолымыздан келгенше қолдау көрсеттік», - деді Айдарбек Қожаназаров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама