×

Қазақстандық мұғалім Apple компаниясының оқытушысы мәртебесіне ие болды

Ол жұмыс істейтін РФММ-да Apple classroom зертханасы ашылуы мүмкін

 Динара Амантай 16.06.2022 | 15:29
Қуаныш Мағауин, фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин Apple компаниясының Swift бағдарламалау тілі бойынша сертификатталған оқытушысы атанды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің педагогі Қуаныш Мағауин Apple курстарынан өтіп, емтихандарды сәтті тапсырды және ол қазақстандық мұғалімдер арасында алғаш болып сертификат алды. Ол Германия, Ирландия, БАӘ, Мысыр, Үндістан және басқа да елдердің IT-мамандарымен бірге оқыды.

Айта кетсек, оқытушыларға арналған «Apple Certified Trainer» курстарын Apple компаниясы жыл сайын өткізеді. Бұдан былай информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауин әлемнің үздік әзірлеушілері білім саласындағы жаңа жобаларын таныстыратын Apple Education эксклюзивті іс-шараларына қатыса алады.

Apple курстарында Swift бағдарламалау тілі арқылы мобильді қосымшаларды әзірлеудің негіздерін үйрендік. Тәлімгерлер дәрісті ағылшын тілінде өткізді. Менің тобымда негізінен қосымшаларды әзірлеуде мол тәжірибесі бар IT-мамандар оқыды. Ал мен топтағы жалғыз мұғалім болдым. Барлық емтиханды тапсырып, Apple оқытушысы мәртебесін алғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта мектепте оқушыларға арналған мобильді қосымшалар әзірлеу бойынша курстар өткізіп, әріптестеріммен алған тәжірибеммен бөлісуді жоспарлап отырмын, – дейді Қуаныш Мағауин.

Педагогтің арқасында Apple Authorized Training Center for Education (AATCE) мәртебесі өзі жұмыс істейтін мектепке де автоматты түрде берілді. Енді елордадағы Республикалық физика-математика мектебі Swift қосымшасын жасау бойынша курстар өткізіп, оқушыларға сертификат табыстап, оқу орнында Apple classroom зертханасын аша алады.

Қуаныш 29 жаста, Павлодар облысының Аққулы ауылының тумасы. Бала кезінен Информатика пәнімен әуестенген. 2015 жылы С. Торайғыров атындағы ПМУ-ды үздік бітіріп, 6 жыл жергілікті Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істеген. Оның айтуынша, жыл сайын ол түрлі курстарға қатысып, педагог ретінде білімін үнемі жетілдіріп отырады.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама