Halyq Uni логотип
×

Премьер-министр ұшқыштардың біліктілігін тексеруді тапсырды

Ұшақтардың техникалық жағдайы да бақылауға алынады

 Дәурен Ерболат 26.12.2024 | 11:51
Премьер-министр ұшқыштардың біліктілігін тексеруді тапсырды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет басшысы Олжас Бектенов вице-премьер Қанат Бозымбаевтың Ақтау қаласы маңындағы болған ұшақ апаты орнындағы Үкіметтік комиссияның жұмысы туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бүгінде құтқару қызметі іздеу жұмыстарын аяқтады. Ұшақ апаты салдарынан 29 адам ауруханаға жатқызылды, 38 адам қаза тапты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша зардап шеккендерге толық медициналық көмек көрсетіліп, қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қажет қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Қазір жедел желі жұмыс істеп тұр, оған мыңнан астам қоңырау түсті.

Бірінші кезекте қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Қазақстан Үкіметі мен уәкілетті органдар зардап шеккендерге және қайтыс болғандардың туыстарына барлық қажет көмекті көрсетіп жатыр, - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр авиациялық қауіпсіздікті күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Бұл қайғылы жағдай, бізге де ұшу қауіпсіздігі бойынша тиісті шараларды қабылдау керектігін білдіреді. Бірінші кезекте жоспардан тыс тексеру жүргізу және әуежайлардың, әуе кемелерінің техникалық жағдайын ерекше бақылауға алу қажет. Өткізіліп отырған іс-шаралардың шеңберінде отандық авиакомпаниялар экипаждардың біліктілігін, рұқсатнамаларын және құзыретін қайта тексеру керек, - деді үкімет басшысы.

Бұған дейін ұшақ апатынан көз жұмған 7 адамның кім екені анықталғаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама