Оқиға орнында тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр
Көлік министрлігі авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі Комиссия құрды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақпаратқа сәйкес, ведомствоның көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті қызметкерлері авиациялық оқиға орнында. Тергеп-тексерудің қырдағы кезеңі аясында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазақстанға Әзербайжан Республикасы Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігінің делегациясы , сондай-ақ Azerbaijan Airlines (AZAL) авиакомпаниясының өкілдері келді. Жұмыс Әзербайжанның авиациялық билігімен бірлесе жүргізіліп жатыр.
Қазақстанға Embraer әуе кемесін өндіруші компания өкілдері және CENIPA (авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығы, Бразилия) ұшып келеді, – делінген министрлік хабарламасында.
Ақтауға премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия құрамында ведомство басшысы Марат Қарабаев, көлік вице-министрі Талғат Ластаев, көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің директоры Нұржан Малаев, Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева, «Қазаэронавигация» РМК бас директоры Нұржан Ахметов барды.