Оқиға себептерін жан-жақты тексеру тапсырылды
Үкімет қаулысымен Ақтау қаласы әуежайының маңында болған Az Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырау себептерін тексеру бойынша Үкіметтік комиссия құрылды. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ақпаратқа сәйкес, комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, Төтенше жағдайлар, Көлік, Сыртқы істер, Ішкі істер, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірген.
Комиссияға оқиға орнына дереу ұшып барып, ұшақтың апатқа ұшырау себептерін жан-жақты тексеруді қамтамасыз ету, қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету шараларын қабылдау тапсырылды.
Үкімет Әзербайжан Үкіметімен болған оқиғаның себептерін жан-жақты тергеу және алғашқы көмек көрсету бойынша бірлесіп жұмыс істеп жатыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі ұшақ Ақтау қаласының маңында апатқа ұшырағанын хабарлаған болатынбыз. Оқиға кезінде 28 адам аман қалған.