Әуе кемесінде 67 адам болған
Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Көлік министрлігі ақпаратына сәйкес, «Баку-Грозный» бағытындағы бортта 37 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 Ресей Федерациясы азаматы болған.
Денсаулық сақтау министрлігі алдын ала жедел деректер бойынша 28 адам әртүрлі дәрежедегі медициналық мекемелерге жеткізілгенін мәлімдеді.
Оларға облыстың ауруханаларында барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оқиға орнына 23 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Бүгін Астанадан Ақтауға құрамында хирургтар, травматологтар бар мамандар бригадасымен санитариялық авиация борты ұшады, – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, бұған дейін Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі ұшақ Ақтау қаласының маңында апатқа ұшырағанын хабарлаған болатынбыз. Оқиға орнында барлығы ТЖД, МӨСҚ, ПД-ның 150 жеке құрамы, 45 техника жұмылдырылды.
Қазір Ақтау әуежайы ашық, қалыпты режимде жұмыс атқарып жатыр. Министрлік апатқа қатысты арнайы тергеу жүргізілетінін мәлімдеді.