Ақтау маңында ұшақ құлады
Алдын ала ақпарат бойынша аман қалғандар бар
Ақтау маңында Баку – Грозный бағытындағы ұшақ апатқа ұшырады. Бұл ұшақ Azerbaijan Airlines авиакомпаниясына тиесілі. Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады.
Оқиға орнында төтенше жағдайлар министрлігі жұмыс істеп жатыр. Апат орнына жеке құрамнан 52 адам және 11 бірлік техникасы барды. Оқиға орнына келген бойда әуе кемесі жанып жатты. Құтқару бөлімшелері өртті сөндіруге кірісті. Қазір зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр, алдын ала мәлімет бойынша тірі қалған адамдар бар.
ТЖМ Командалық орталығында жедел штаб құрылды, сенім телефоны: 8/7292/319099.
Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.