Қазақстандықтар жалған туристік жолдаманы 24 млн теңгеге сатып алған
Туристік компаниясы басшысы сотталды
Қарағанды облысында тұрғындар жалған туристік жолдаманы 24 млн теңгеге сатып алған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Соттың мәліметінше, Қарағанды тұрғыны туристік компания ашып басқарған. 2022 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың тамызына дейін ол 21 клиентті алдаған. Келісімшарттар жасасып, оларды орындағысы келмеген. Осылайша, жәбірленушілермен жасалған шарттар бойынша ЖШС директоры 24 млн теңгеден астам қаржысын жымқырған.
Сотта компания басшысы азаматтық талап-арыздарды толық мойындады. Бірақ кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады. Ол алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан, 3 жылға туристік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Жәбірленушілердің азаматтық талап қоюы қанағаттандырылды. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.