Halyq Uni логотип
×

Су саласының 105 маманы Қытайда біліктілігін арттырады

Арнайы курстар тоқсан сайын өтеді

 Динара Амантай 24.12.2024 | 10:01
Су саласының 105 маманы Қытайда біліктілігін арттырады
Фото: Halyq Uni

Келесі жылы «Қазсушар» мекемесінің 105 маманы ҚХР-да біліктілік арттыру курстарынан өтеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов қытайлық Power China компаниясының Қазақстандағы өкілдерімен кездесу барысында тиісті келісімге қол жеткізген.

Ақпаратқа сәйкес, арнайы курстар тоқсан сайын өтеді. Сәуірде Қытайға 30 маман барады. Содан кейін 25 адамнан жасақталатын топтар әр 3 ай сайын біліктілік арттыру бағдарламасына қатысады. Жақын арада тараптар оқу бағдарламаларының тақырыбы мен бағыт-бағдарын айқындайды.

Шетелдік компаниялармен және өзге мемлекеттермен келіссөздер барысында міндетті тақырыптың бірі – бірлесіп кадр даярлау және мамандардың біліктілігін арттыру. Біздің мамандар Қытайда мол тәжірибе жинайтынына сенімдімін. Биыл министрлік су шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмысын белсенді жүргізді. Мысалы, жыл басынан бері 500-ден астам адам мамандандырылған орталықтарда курстан өтті. Бұл бастапқы жоспардан 12%-ға артық, – деді Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ, министр қытайлық кәсіпкерлермен Power China компаниясының елімізде су қоймаларын салу және реконструкциялау жұмыстарына қатысу мәселесін талқылады. Шетелдік делегаттар Қазақстанда жаңа су шаруашылығы инфрақұрылымына инвестиция салуға дайын екендіктерін білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама