«Мұғалімдер шырша безендірген». Семейде шенеунік қызметінен кетті

Динара Амантай

Мектеп директорлары да жауапқа тартылды

Фото: Halyq Uni

Семейде жаңа жылдық шыршаны безендіруге мұғалімдерді тарту фактісі бойынша қызметтік тексеріс аяқталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Айта кетсек, 21 желтоқсанда Жаңа жылдық шыршаны безендіруге мұғалімдер тартылып, олардың бірі жарақат алды.

Облыстың білім басқармасының ақпаратына сәйкес, сенбіде сағат 15:00-де мұғалімдерді шыршаны безендіруге тарту фактісі бойынша шұғыл кеңес өткен. Кеңесте облыс әкімі оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қызметтік тексеріс жүргізуді, ал денсаулық сақтау басқармасына зардап шеккен мұғалімнің жағдайын тәулік бойы бақылауға алуды тапсырды.

Тексеру қорытындысы бойынша қызметкерлері шыршаны безендіруге қатысқан үш мектептің (№49, 40 және 19) директорларына қатаң сөгіс жарияланды. Семей қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылды. Ал процесті үйлестірген қала әкімінің орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды, – деді Абай облысы білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев.

Бұл жағдай Абай облысының әкімі мен Абай облысы білім басқармасының қатаң бақылауына алынды.