Павлодарда пәтер өртеніп, зейнеткер көз жұмды
Тұрғын үйден 23 адам қауіпсіз шығарылды
Павлодарда пәтерден өрт шығып, 65 жастағы зейнеткер қайтыс болды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық ТЖД мәліметінше, бүгін таңғы сағат 04:49-да Рылеев көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер үш бөлмелі пәтердің өртеніп жатқанын анықтаған. Өрттің аумағы – 4 шаршы метр, үйдегі заттар, жиһаз бен еден жанған. Тұрғын үйден 17 адам мен 3 бала сыртқа өз күшімен шықты. Мамандардың көмегімен 3 тұрғын шығарылды.
Өртті сөндіру кезінде 1959 жылы туған ер адамның денесі табылды.
Оқиға орнында ТЖД-ның 16 қызметкері мен 4 техника жұмыс істеді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.