Halyq Uni логотип
×

Шымкентте бір күнде екі өндіріс орны ашылды

Қала елімізде екі жыл қатарынан инвестиция өсімі бойынша көш бастап тұр

 Дастан Жұмабекұлы 16.06.2022 | 14:20
Шымкентте бір күнде екі өндіріс орны ашылды
фото: facebook.com

Бүгін Шымкент қаласының күні қарсаңында «Тассай» индустриялық аймағында қорғаныс киімдері мен медициналық бұйымдар шығаратын «Экофарм» өндіріс орны мен Mega Smart жиһаз фабрикасы  ашылды.

Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанов айтты.

«Бүгінгі таңда «Тассайда» жалпы инвестиция көлемі шамамен 45 млрд. теңге болатын 37 жобаны іске асып жатыр.

Жалпы құны 3,4 млрд. теңге болатын инвестициялық жобаны іске асыру үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жер беріліп, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы субсидияланған.

Жаңадан ашылған бұл өндірісте 150 адам жұмыс істейді. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орнында жылына 600 мың дана қорғаныш киімінің 17 түрі, 500 мың дана медициналық киім, 20 миллион дана медициналық маска мен респиратор, 1 миллион дана медициналық көзілдірік шығарылады», - деді ол.

Ол Шымкент қаласының дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарын шығаратын орталық болып қалыптасып келе жатқанын айтты.

Ал Mega Smart жиһаз фабрикасына қала әкімінің бірінші орынбасары 750 млн.теңге инвестиция тартылғанын хабарлады.

«Қаламызда мемлекеттің қолдауының арқасында ашылған жаңа өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Қазіргі уақытта Шымкентте қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде қаламыз екі жыл қатарынан инвестиция өсімі бойынша елімізде көш бастап тұр.

2 гектар аумақты алып жатқан фабрикаға 750 млн.теңге инвестиция тартылды. 5 мың шаршы метрден астам өндірістік база салынды. Заманауи құрал-жабдық алынды. 100 жаңа жұмыс орны ашылды. Өндіріс ошағы жылына 120 мың дана түрлі жиһаз шығарады», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама