3,7 млрд теңге жымқырған есепші Ресейден елге қайтарылды
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды
Ресей Федерациясынан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған Өзбекстан азаматы экстрадицияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бас прокуратура ақпаратына сәйкес, күдікті 2005-2007 жылдар аралығында Алматыдағы құрылыс компаниясында бухгалтер болып жұмыс істеп жүріп, үлескерлерден ақша қабылдаған. Сондай-ақ, тұрғын үй кешенінің аяқталмаған құрылыс объектісі бойынша кіріс-кассалық ордерлеріне бухгалтерлік есепте көрсетілмеген жалған түбіртектер жазған.
Оның және қылмыстың басқа да қатысушыларының әрекеттері салдарынан Алматы қаласының 80-нен астам тұрғыны зардап шегіп, оларға 3,7 млрд теңгеден астам шығын келтірілді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Оның сыбайластарының бірі сотталды, ал күдікті жауаптылықтан қашып, ізін жасырғандықтан, оған халықаралық іздеу жарияланды. Өткен жылдың желтоқсанында әйел Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталды. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Айыптаған қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.