Ринг, ұрыс алаңы немесе дипломатиялық арена – бәрінде де күресеміз, - деді Зеленский
Эр-Рияда (Сауд Арабиясы) өткен Тайсон Фьюри мен Александр Усик арасындағы бокс жекпе-жегінде алғаш рет жасанды интеллект (ЖИ) қосымша төреші ретінде қолданылды, деп хабарлайды Halyq Uni msports.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл технологияны Сауд Арабиясының билігі мен The Ring журналы бірлесіп әзірлеген. ЖИ нақты уақыт режимінде жекпе-жекті талдап, агрессия деңгейі, соққылардың тиімділігі, клинчте өткізілген уақыт және басқа да параметрлерді бағалады. Оның бағалауы ресми нәтижеге әсер етпегенімен, жекпе-жектің барысы туралы қосымша ақпарат ұсынды.
ЖИ жекпе-жекті украиналық боксшы Усиктің пайдасына 118-112 есебімен бағалады. Бұл ресми төрешілердің 116-112 деген шешімінен де жоғары болды.
Бұл ретте украиналық боксшы қарсыласынан 12 раундқа созылған жекпе-жекте басым түсіп, ауыр салмақта әлем чемпионы атақтарының бәрін сақтап қалды. Ол биыл Фьюриден мамырда өткізген алғашқы кездесуінде де басым түскен болатын.
Жеңіс! Дәл қазіргі сәтте аса маңызды, аса қажет жеңіс. Чемпион белдігін сақтап қалған Александр украиналықтар жеңісті оңайлықпен бермейтінін дәлелдеді. Қаншалықты ауыр болса да аяғына дейін күресеміз. Ринг, ұрыс алаңы немесе дипломатиялық арена – бәрінде де күресеміз, оңайлықпен берілмейміз. Жеңіс құтты болсын, казак! Украина, жеңіс құтты болсын! Украинаның мерейі үстем болсын! - деп жазды Украина президенті Владимир Зеленский Telegram-арнасына.