Хобби ретінде бастап, үздік спортшыға айналдым – садақшы

Ербол Тұрымбет

«Алтын тұғыр – 2024» ұлттық сыйлығының иегерлері қуанышты әсерлерімен бөлісті

Фото: Halyq Uni

«Алтын тұғыр – 2024» ұлттық сыйлығының иегерлері қуанышты сезімдерімен бөлісіп, жүздеген, мыңдаған спортшының арасынан қалай үздік атанғанын айтып берді, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Көкпар» номинациясы бойынша үздік атанған Абылайхан Нышанбектің сөзінше, биыл жақсы көзге түсуіне мүмкіндік болған алғашқы жарыс Қызылордада өткен Қазақстан чемпионаты, одан кейін Шымкентте өткен республикалық турнир. Одан соң ең үлкені – Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болып отыр.

Дайындықты ақпаннан бастадық. «Алматау» спорт кешенінде, одан соң Алматыда да көп жаттығу жасадық. Қазір көкпаршылардың киімі, ат-көлігі, ер-тұрманы мен жататын жеріне дейін Федерация қолдап отыр, – дейді ол.

Оның айтуынша, соңғы жылдары көкпарда Қостанай облысы командасы жақсы қарқын алған. Бұрындары төменгі орындарда жүрсе, қазір 3 жылдан бері үздік үштікке кіріп жүргенін мысалға келтірді.

«Дәстүрлі садақ ату» номинациясы бойынша Айкөркем Батихан үздіктердің қатарынан табылды.

Оның алғашқы үлкен жетістігі – биыл Стамбұлда өткен «Fetih Kupası» жарысының алтын жүлде иегері болды. Жалпы 12 жылдан бері өтіп келе жатқан жарыста қазақстандықтар алғаш рет жеңіп отыр. Одан соң Көшпенділер ойындарында қола және күміс жүлде иегері. Үздіктер қатарынан көрінуіне осы екі үлкен жетістігі себеп болды деген ойда.

Оның дәстүрлі садақ атумен айналысып жүргеніне небәрі 2 жылдай ғана уақыт болған. Әуелде ағасының нұсқауымен хобби ретінде қолға алып, кейін кәсіби спортшыға айналған.

Осы спортты таңдағаныма мүлде өкінбеймін. Керісінше, қатты қуанам. Себебі, дәстүрлі садақ ату – өте әдемі спорт және қыз балалардың табиғатына да, мінезіне де келеді. Үздік атану үлкен жауапкершілік болғаннан кейін қобалжытады. Былтыр осы «Алтын тұғыр» сыйлығына көрермен ретінде келген едім, биыл өзім алуымды бұйыртып отыр, – дейді ол.

«Аударыспақ» спорты бойынша үздік жаттықтырушы деп танылған Түркістан облысы командасының бас бапкері Біржан Қосалиевтің айтуынша, соңғы жылдағы атап өтер оқиғалардың ішінде ең үлкені кешегі өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары болып отыр. Онда 5 алтын, 1 күміспен Қазақстан командалық есепте 1 орын алған еді. Одан кейін Қазақстан чемпионаты өтті. Оның ішінде Түркістан облысы жігіттері 5 алтынмен бірінші орын еншіледі.

Бүгінде өз шәкірттерімнің барлығы ерекше. Оның бәрі еңбектің арқасы. Ақпаннан бастап 6 ай дайындықта болады. Жігіттер соның арқасында жеңіске жетіп жатыр. Басқа облыстар қыс бойы тегіс тыныш жатады. Біздің ерекшелігіміз, қыс бойы күнделікті азаннан кешке дейін көкпар тартамыз. Ол үлкен дайындық. Басқа облыстарда жаппай көкпар жоқ, жеке жаттығу жасайды. Ол бәрібір көкпардай емес, – дейді ол.

Оның сөзінше, бұл спорт қазір қатты өсіп-өркендеп келеді. Бұрынғыдан гөрі қазір қиын. Бұрын 1-2 минутта жеңіліп жататын болса, қазір бәрі белдесуге дейін барады, оңай беріспейді. Оны дамығандығының көрінісі деп біледі.