Бүгінде Ұлттық спорт қауымдастығына 10 федерация кіреді
«Алтын тұғыр – 2024» ұлттық сыйлығының марапаттау кешінде Ұлттық спорт қауымдастығы жылды қорытындылап, негізгі деген жетістіктерін атап өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президент – атқарушы директоры Ғани Дүйшеновтің айтуынша, атап өтерлік оқиғалардың бірі – 5 Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Бұл ойындарға 2014 жылы 19-ел қатысса, араға 10 жыл салып, дүбірлі додаға қатысатын мемлекеттер қатары биыл 90-ға жуықтаған. Ал ол елдерден келетін спортшылар саны 2500-ден асқан.
2022 жылы садақ атудан бірінші рет ел чемпионаты ұйымдастырылды. Сол шараға 183 мерген қатысса, бүгінгі күнде садақ атумен кәсіби түрде шұғылданушылар қатары 5 мыңға жеткен, – деді ол журналистерге өткізген брифингте.
Оның сөзінше, қазір садақ ату спортының дамуы, таралу көкжиегі қарқын алып келеді. Мысалы, Түркия садақшылар арасында 10 жылдан бері «Fetih Kupası» (Жеңіс кубогы) халықаралық турнирін ұйымдастырып келеді. Оған әлемнен мыңға тарта мерген қатысады. Түрік стилімен өтетін додаға астаналық садақшы кыз Айкөркем Батихан қатысып, чемпион атанды. Онымен бірге көшпенділер ойындарында да садақшылар 1 алтын, 6 күміс, 5 кола медальді еншілеп, ел мерейін үстем етті.
Қауымдастық мәліметінше, тоғызқұмалақ ойыны да қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Тоғызқұмалақ федерациясы халықаралық деңгейде өз жұмысын дамытып келе жатканын ерекше атап өтуге болады. Оған дәлел биыл Мадридте Togyzqumalaq Españа клубы, сонымен қатар, Латын Америкасы тоғызқұмалақ федерациясы ашылған. Нигерияда Тоғызқұмалақ үйірмесі жұмыс істеп бастады.
Құсбегілік федерациясы биыл тұңғыш рет құсбегі спорт түрінен әдістемелік кітап шығарған. Онымен бірге, осы жылы 4 халықаралық турнир, 2 ел чемпионаты мен 1 республикалық жарыс өткізілген.
Жамбы ату федерациясы да халықаралық деңгейдегі озық техологияны енгізіп, жамбы спортының деңгейін өсіріп отыр. Қазір аттың жүріп өткен уақытын есептейтін соңғы үлгідегі құрылғылар, лазер, қайталау бейнекамерасы және арнайы таймер бар. Соның негізінде бұл спорттың бәсі биіктей түскен.
«Теңге ілу» спортынан биыл 3 халықаралық жарыс ұйымдастырылған. Сол жарыстарда ел спортшылары 9 медаль жеңіп, ел мерейін үстем еткен.
Биыл Көшпенділердің Асық спорты халықаралық федерациясы ашылып, жұмысын бастады. Қазіргі таңда аталған халықаралық федерацияға 10-нан астам ел мүшелікке кіріп үлгерді. Еліміз бойынша асық спорты қарқынды дамып жатыр. Республика бойынша 20 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда федерациялар жұмыс істеп келеді.