Halyq Uni логотип
×

Маңғыстауда 18 мектеп пайдалануға берілді

Оның 14-і жекеменшік

 Halyq Uni 20.12.2024 | 15:21
Маңғыстауда 18 мектеп пайдалануға берілді
Фото: Halyq Uni

Биыл Маңғыстау облысында 18 мектеп салынып, қолданысқа берілді. Бұл туралы облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Өңір басшысы президенттің тапсырмасы бойынша әлеуметтік сала басты назарда екенін атап өтті.

Биыл білім беру жүйесін қаржыландыруға 211 млрд теңге қарастырылды, ол облыс бюджетінің – 43%-ы. Өңірдегі 3 пен 6 жастағы балалар 100% мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Соңғы 3 жылда өңірде оқушылар саны 17 мыңға артты. Осылайша, мектеп қажеттілігі пайда болды. Мәселені шешу бағытында биыл 6 510 орындық 14 жекеменшік мектеп, 4 800 орындық 4 мемлекеттік мектеп ашылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 13 мектеп салынып жатыр, - деді Нұрдәулет Қилыбай Орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ мұнай компаниясының демеушілігімен Ақтауда колледж студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана пайдалануға берілген. Нәтижесінде қалада жатақхана мәселесі толық шешілген.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін көтеру үшін Ақтау қаласында 1500 орындық «Оқушылар сарайы» қолданысқа берілді. Орталықта 3500-ден астам бала тегін қосымша біліммен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласында 350 оқушы сиятын озық үлгідегі болашақ сарайының құрылысы салынып жатыр, - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, биыл Маңғыстау облысын білім саласындағы үздік тәжірибелер алаңына айналдыру үшін тұңғыш рет «Отпан» жобасы басталған.

Жоба аясында мектептердің материалды-техникалық базасы жаңартылады, ұстаздардың біліктілігі артады. Бұл бағытта Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім-инновация лицейлері арнайы оқу бағдарламасын іске асырады. Ол үшін 50 мектеп таңдалды. Барлық шығын кәсіпкерлер қаражатымен өтеледі, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Сондай-ақ облыс әкімі денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жақсарту бағытында қандай жұмыс істелгенін айтты.

Облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде Мұнайлы ауданында 150 науқас сиятын аудандық орталық аурухананың құрылысы, Жаңаөзен қаласының «Кендірлі» ауылында дәрігерлік амбулаториясының құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Шетпе, Тәжен, Құрық ауылдарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысандар салынып жатыр. Биыл облыстық жедел жәрдем станциясына 5 дана реанимобиль табысталды, - деді ол.

Нұрдәулет Қилыбай өңірде туризмді дамытуға басымдық берілгенін жеткізді.

«Жуырда Үкіметте Маңғыстау облысын дамытуға арналған жиын өтті. Онда 2027 жылға дейін туристік кластерді дамытуға бағытталған 167 млрд теңгенің 14 ірі жобасы іске асыру жоспарланды. Бозжыра мен Айрақтыда әр қайсысы 150 орындық қонақүй кешені бой көтеріп, Каспий жағалауында 500 адамға дейін демалатын сауықтыру кешені мен балалар сауықтыру лагерлерін салу жоспарда бар. «Ақтау» халықаралық әуежайынан ұшатын ішкі және халықаралық әуе рейстері 28 бағытқа дейін артады. Кендірліде жаңа әуежай салынады», - деді облыс әкімі.

Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, «Маңғыстау» теміржол вокзалы қайта жаңғыртылады.

Нәтижесінде нысан тәулігіне 2,5 мың жолаушыны қабылдай алады. Алдағы 5 жылда Маңғыстаудан қатынайтын жолаушылар поездарының 250 вагоны жаңарып, Құрық портында паромдық паркі құрылады деп жоспарланып отыр. Ақтау мен Жаңаөзен қаласында озық үлгідегі жаңа драма театрлары салынбақ. Дарынды балаларға арналған спорт мектеп интернатының құрылысын жүргізу де даму жоспарына енгізілді. Спорт мектеп интернаты жоқ бірден бір өңір едік. Бұл орталық болашақ чемпиондарды дайындап шығады деп сенеміз, - деді басшы.

Облыс әкімі Ақтауды Баку мен Дубай қалаларының үлгісі бойынша дамыту үшін бас жоспарға өзгеріс енгізілгенін атап өтті.

«Жоспарға сай қалада 10 мың орындық стадион, теңіз вокзалы, «Әуенді домбыра» сәулет құрылысы мен жаңа жағажай сынды нысандар бой көтереді», - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама