Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі төмендеген

Динара Амантай

Зорлық-зомбылық пен суицидті насихаттайтын 127 сайт анықталды

Фото: Halyq Uni

Қазақстанда жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі төмендеп келеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері елімізде балалар мен жасөспірімдер арасында 12 мыңнан астам профилактикалық іс-шаралар өткізілген. Ювеналды полиция қызметкерлері білім беру мекемелерімен белсенді қарым-қатынас жасап, баланың құқығы туралы сабақтар өткізеді және құқықбұзушылыққа бейім оқушыларды анықтайды.

Бір жыл ішінде 94 мыңнан астам осындай кездесулер ұйымдастырылды, бұл мектептерде қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Маңызды міндеттердің бірі интернеттегі заңға қайшы контентпен күресу болды. Жыл басынан бері зорлық-зомбылық пен суицидті насихаттайтын 127 сайтты қосқанда, 35 мыңнан астам заңсыз ресурстар анықталды. Мұндай қауіптерге қарсы белсенді әрекет ету жасөспірімдерге теріс әсер етудің алдын алуға және олардың заңсыз әрекеттерге қатысу қаупін азайтуға көмектеседі, – делінген хабарламада.

Бұл шаралар қазірдің өзінде нәтиже беріп жатыр: жасөспірімдер қылмысы 6%-ға төмендеді. Ең үлкен төмендеу кісі өлтіру (-29%), ұрлық (-19%) және тонау (-15%) әрекеттерінде байқалады.