Өзгеріске ағза біртіндеп үйренеді
Премьер-министр Олжас Бектенов Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Үкімет басшысы өңірдегі зауыттар мен кәсіпорындарды аралап, өндіріс ұжымымен кездесті. Сондай-ақ кездесуде бірыңғай уақыт белдеуіне көшу мәселесіне де назар аударылды. Онда жұмысшылар бірыңғай уақыт белдеуін енгізу мәселесін Қостанай облысының тұрғындары бұрын да көтергенін, UTC+6 уақыт белдеуі өңірдің табиғи уақытына сәйске келмейтінін жеткізді.
Олжас Бектенов табиғи уақытқа көшу азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына оң әсері ғылыми дәлелдерге негізделгеніне назар аударды. Оның айтуынша, 2017 жылы америкалық ғалымдар адамның циркадиялық ырғағын зерттегені үшін Нобель сыйлығымен марапатталған. Осы жұмыстың және басқа да ғылыми зерттеулердің негізінде 2022 жылы 80-нен астам елдің ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері қол қойған Барселона декларациясы қабылданды.
Премьер-министр Қостанай облысының тұрғындарына және барлық қазақстандыққа осы маңызды шешімді түсініп, қолдағаны үшін алғыс айтты.
Қазақстан үшін табиғи уақыт белдеуі – UТC+5. Біз UТC+6 белдеуінде болдық. Кезінде еліміз табиғи емес белдеуге ауыстырылды. Қазір біз уақытты күн цикліне сәйкес келтірдік. Мен бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу кейбір адамдарға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін екенін түсінемін. Ағза біртіндеп үйренеді. Егер өңірлерде қандай да бір қолайсыздықтар болса, еңбек заңнамамыз мүмкіндік беретін инфрақұрылымды, жарықтандыруды, ыңғайлы кестені ұйымдастыру арқылы жұмыс істеу қажет. Осы мәселелердің барлығын шешеміз, - деді Олжас Бектенов.