Атырауда әрқайсысы 12 млн теңгеге салынған аялдамалар іске алғысыз
Тұрғылықты жері жоқ адамдардың мекеніне айналған
Атыраудың +40 градус ыстығында әрқайсысы 12 миллион теңгеге салынған «жылы аялдамалардағы» салқындатқыштар істемей тұр. Жұрт шыжыған күннен аялдаманың көлеңкесінде тұрып қорғануға мәжбүр. Осыған орай NUR.KZ тілшісі қаланы аралап, сол аялдамалардың жағдайымен танысып шыққан.
Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, қала аумағында 22 жабық аялдама орнатылған. Оның алтауы сенімгерлік басқаруда болса, қалған 16-сын «Арнаулы автобаза» ЖШС жуып, жинайды екен. Аялдамалардың барлығы таңертеңгі сағат 7.00-ден кешкі 21.00-ге дейін ашық. Қазір ешқайсысында бейнебақылау камералары мен салқындатқыштар қосылмаған.
«Аялдаманың ішін көрейін деп кіріп едім, тұтқасына қолымды күйдіріп алуға шақ қалдым. Темір күнге әбден қызып кеткен. Осы жерден күнде кешке үйге қайтамын. Бұл аялдаманың тек жазда ғана емес, қыста да рахатын көрмедік. Өйткені іші салқын, ал кей күндері мүлдем кілттеулі тұрады. Бұл аялдамаға ешкім кірмейді де. Өйткені одан далада тұрған әлдеқайда жақсы екенін бәрі біледі», - дейді қала тұрғыны Назымгүл Артурқызы.
Ал халық ең көп жиналатын «Дина» базары маңы мен «Вокзал» жабық аялдамаларының есігі, әйнектері, термометрі сынған. Ол жерде де салқындатқыштар әлі күнге дейін іске қосылмаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, аялдамалар тұрғылықты жері жоқ адамдардың мекеніне айналған.
Қалалық ТКШ маманы Нұрсұлтан Сауеновтің айтуынша, бір жылда аялдамаларға қатысты жүзден аса шағым түскен. Олардың көбі әлгі тұрғылықты жері жоқ адамдарға қатысты болып тұр.
Айта кетсек, Атырау қаласының аумағында алғашқы 9 жабық аялдама 2019 жылы салынған. Оның жалпы сомасы – 155 миллион теңге. Кейін қала көшелері тағы 13 жаңа аялдамамен толықты. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, әр аялдаманың құны 12 миллион теңгені құрайды.