Пайдаланылмай жатқан 12,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

Динара Амантай

Шаруалар 3,7 млн гектар аумақты игеруге кірісті

Фото: АШМ баспасөз қызметі

2022 жылдан бастап пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген 12,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

АШМ ақпаратына сәйкес, қажетті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 3,7 млн гектар аумақта жерді игеруге кіріскен. Мемлекеттік меншікке қайтарылған жерлердің 4,8 млн гектары да қайта бөлінді.

Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді алып қою жөніндегі жұмыс комиссиясы республикалық комиссия ретінде қайта құрылды. Оның негізгі міндеті – жерлерді ауыл халқының қажеттіліктері үшін қайта бөлуге және жер ресурстарын ұтымды пайдалануға бақылау жасау.

Сондай-ақ, қазір президенттің тапсырмасына сәйкес, салық төлеуді, инвестиция тартуды және ауылдық аумақтарды дамытуға ықпал ететін қолданыстағы ауыл шаруашылығы өндірушілері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеушілер үшін жер пайдалану құқығын жалғастыру мәселесі пысықталып жатыр.