Су тасқынын болжайтын жаңа жүйені әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын
Төтенше жағдайлар министрлігінде екі жүйе таныстырылды
Қазақстанда су тасқынын болжау мен модельдеуге арналған екі жаңа жүйені әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды Halyq Uni.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Командалық орталығының базасында су тасқынын болжау және модельдеуге арналған Tasqyn.gov.kz, Talsim және Delft-FEWS жаңа ақпараттық жүйелердің таныстырылымы өтті.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәлімдеуінше, Tasqyn.gov.kz жүйесі төтенше жағдайлардың алдын алуға және стратегиялық шешімдер қабылдау үшін болжам жасауға мүмкіндік береді.
Бүгінде су тасқынын болжау және модельдеу әдістемесі әзірленіп, бекітілді. Әдістемеге сәйкес, уәкілетті органдар ақпараттық жүйеге су қоймаларындағы су көлемі, су жіберу және гидрометеоболжам секілді деректерді енгізеді. Жүйе жинақталған мәліметтер негізінде су тасқынының ықтимал сценарийлерін модельдейді, деп жазылған министрлік мәлімдемесінде.
Алдағы уақытта мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдеріне оқыту семинарларын өткізу жоспарланып отыр.
TalsimNG бағдарламасы – голландиялық DELFT-FEWS платформасына біріктірілген неміс әзірлемесі. Жүйе су ресурстарын болжау және басқару модельдерін жетілдіруге, су қоймаларына ағын көлемін болжауды жақсартуға мүмкіндік береді.
DELFT-FEWS платформасын пайдалану Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Нидерландының IHE Delft су білім беру институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум аясында жүзеге асырылып отыр.