Halyq Uni логотип
×

Маңғыстау облысы әкімінің жеке қабылдауы түнгі 03:00-ге дейін созылған

Әкімге 150-ден астам тұрғын жеке қабылдауына келген

 Ербол Тұрымбет 13.12.2024 | 16:40
Маңғыстау облысы әкімінің жеке қабылдауы түнгі 03:00-ге дейін созылған
Фото: видеодан скриншот

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Ақтау қаласы тұрғындарымен кездесуінен кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаған. Ал жеке қабылдау түнгі сағат 03:00-ге жейін созылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыс әкімдігінің жазуынша, әкімнің жеке қабылдауы мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініштерін тыңдаудан басталған. Олар қалада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы орта қалыптастыру қажеттігінен бөлек, жеке мәселелерін жеткізген.

Сондай-ақ қабылдауға үйінің шатыры мен жертөлесінде, подъездері мен ауласында мәселе туындаған тұрғындар да келіп, өңір басшысынан көмек сұрады. Нұрдәулет Қилыбай коммуналдық саладағы ақауларды сол сәтте қалпына келтіру үшін жауапты азаматтарды, басқарма басшыларын тұрғындардың үйлеріне жіберді, – деп жазылған әкімдік хабарламасында.

Сонымен қатар, өңір басшысының қабылдауына Маңғыстау облысында «Елім» такси қызметін жүзеге асыруды бастаған кәсіпкер әйел келіп, әкімнен қолдау сұраған. Оның өтініші қолдау тауып, жергілікті билік тарапынан меморандум жасау туралы шешім қабылданған.

Жалпы, өңір басшысының қабылдауына 150-ден астам тұрғын келіп, өз өтініштерін жеткізген. Халықтың басым бөлігі еңбек дауы, жұмыссыздық, үлескерлердің құқықтарын қорғау, тұрғын үй мәселелері, жылумен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласы және туристік бағыттарды дамыту сынды тақырыптарды көтерген.

Облыс әкімі әрбір өтінішті мұқият тыңдап, барлық мәселелерді заң шеңберінде шешу үшін тиісті құқық қорғау органдары мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берген.

Айта кетейік, Мемелкет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі халыққа арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын алғаш рет көтерген болатын.

Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет, – деген еді президент.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама