Қазақстанда жойылу қаупі төнген 220-дан аса жануар бар

Дәурен Ерболат

Тоғай бұғысы, құлан, арқар және қарақұйрық популяциясы айтарлықтай өскен

Фото: Экология министрлігі

Елімізде сирек кездесетiн және жойылу қаупi төнген 227 жануар бар. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бүгінде Қазақстанда жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiнде жануарлардың 227 түрі тіркелген. Оның ішінде 131 түрі омыртқалы және 96-сы омыртқасыз, – деді Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, қазір министрлік зоология институтының биологиялық негіздемесі бойынша Халықаралық табиғатты қорғау одағының критерийіне сәйкес тізбені жаңарту жұмысын бастады. Нәтижесінде тізімнен 21 омыртқасыз жануар түрін шығару мен 6 омыртқасыз және 5 омыртқалы жануар түрін енгізу ұсынылды.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру – әлемдік қауымдастық тарапынан сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген  жануар түрлерін сақтаудың ең тиімді кешенді шарасы.  Тәуелсіздік жылдары еліміздегі ерекше қорғалатын  табиғи аумақтарды кеңейту және құру жұмыстары нәтижесінде олардың алаңы 869 мың гектардан 30,9 млн гектарға дейін ұлғайды, – деді министр. 

Қазақстанда биоәртүрлілікті сақтап қалу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде 2005-2023 жылдар аралығында сирек кездесетін тоғай бұғысы, құлан, арқар және қарақұйрық популяциясы айтарлықтай өскен.