Грузияда мейрамханадан 12 адамның мәйіті табылды

Халық үні

Оқиға орнында сарапшы-криминалистер жұмыс істеп, жұрттан жауап алып жатыр

фото: Шедеврум

Грузияда Гудаури тау-шаңғы курортындағы үнді мейрамханасынан 12 адамның денесі табылды. Олардың 11-і – шетел азаматы. Өлім себебі әлі анықталған жоқ, деп хабарлайды Halyq Uni РИА Новостиге сілтеме жасап.

Грузияның Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасаған басылым марқұмдардың денесінде азаптау белгілері болмағанын жазды.

Тергеудің алдын ала мәліметтеріне сәйкес, жабық ғимараттағы бөлме жанында генератор орнатылған. Ол кеше нысанға электр энергиясының берілуі тоқтаған кезде қосылған болуы мүмкін, - делінген ведомство мәлімдемесінде.

Мәйіттер екінші қабаттағы жатын бөлмеден табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмдар – мейрамхана қызметкерлері.

ІІМ тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оқиға орнында сарапшы-криминалистер жұмыс істеп, жұрттан жауап алып жатыр. Аталған жайттың нақты себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.