Грузияның жаңа президенті сайланды

Халық үні

Негізгі мақсат – парламенттік республика құру

фото: Georgian Dream party/AP

Михаил Кавелашвили Грузияның президенті болып сайланды, деп хабарлайды Halyq uni Sputnik Грузияға сілтеме жасап.

Президент сайлауы бүгін 9:00-14:00 аралығында өтті. Ал жалғыз кандидат үшін сайлау алқасының мүшелері дауыс берді. Олардың жалпы саны – 300 адам. Бүгінгі сайлауға алқаның 225 мүшесі қатысты. 1 бюллетень жарамсыз деп танылды. Дауыс бергендердің барлығы кандидатты қолдады.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Георгий Каландаришвилидің айтуынша, сайлау алқасының 224 мүшесі Кавелашвилиге дауыс берген.

Михаил Кавелашвили Грузия президенті болып сайланды, - деді комиссия төрағасы.

Грузияда президент сайлауы наразылық акциялары аясында өтіп жатыр. Наразылыққа шыққандар Тбилисиде орталық көшені жауып тастады. Одан кейін Парламенттің жанына жайғасып алған. Полиция ғимаратты қоршауға алды. Грузияның қазіргі президенті Саломе Зурабишвили және наразылыққа шыққандар президент сайлауының нәтижесімен келіспей отыр.

Грузияда президенттің өкілеттігі шектеулі. Мәселен, мемлекет басшысы рақымшылық жасап, заңдарға вето енгізе алады. Ал халықаралық қарым-қатынастарда өкілеттік функцияларын Үкіметтің келісімімен атқарады.

2018 жылы Грузия Конституциясына тиісті өзгерістер енгізілді. Негізгі мақсат – парламенттік республика құру.