Комиссия Алматы облысындағы аудан әкімін қызметінен босатуды ұсынды

Динара Амантай

Мемлекеттік қызмет саласындағы заңбұзушылықтар анықталды

Фото: Halyq Uni

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралып, оны атқаратын лауазымынан босату түрінде тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Әдеп жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңбұзушылықтарды талдау нәтижелері талқыланды.

Жыл басынан бері 497 тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 6 935 заңбұзушылық анықталды. Талдау нәтижелері, мемлекеттік органдар лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлеу, мемлекеттік қызметкерлерге тәртіптік жаза қолдану, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға конкурстық рәсімдер жүргізу және тағы басқа кезінде заңбұзушылықтарға жол берілетінін көрсетті, – делінген Агенттік хабарламасында.

Ақпаратқа сәйкес, Ақтөбе және Павлодар облыстарының мемлекеттік органдарында конкурс рәсімдерін бұзуға жиі жол берілген.

Тәртіптік тәжірибедегі бұзушылықтардың ішінде қызметкерлер бұзушылық фактілерімен келіспесе де, оларды қызметтік тергеу жүргізбестен, тәртіптік жауапкершілікке тарту фактілері анықталды. Кейбір жағдайларда қызметкерлер тәртіптік комиссияның отырыстары туралы хабардар етілмеген. Бұл олардың өзін қорғау мүмкіндігін шектеп, құқығын бұзған.

Мемлекеттік қызметкерлерге тәртіптік жаза қолдану кезіндегі бұзушылықтардың басым бөлігі Ауыл шаруашылығы министрлігінде, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде, сондай-ақ Ақмола, Алматы және Павлодар облыстарының мемлекеттік органдарында анықталған, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жұмыс уақыты режимін сақтамау өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Мемлекеттік қызметкерлер тиісті рәсімдеусіз үстеме жұмысқа тартылған.

Сонымен бірге, отырыста Қарағанды қаласының және Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының әкімдеріне қатысты тәртіптік істер қаралды. Тексеру барысында Қарағанды қаласы әкімінің әрекеті әлеуметтік желілерде азаматтар тарапынан сынға себеп болғандығы анықталды. Осы фактілер негізінде комиссия «ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.

Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне қатысты тәртіптік істі қарау кезінде құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуге қатысты жер қатынастары саласындағы бұзушылықтарға, сондай-ақ тиісті бақылаудың болмауынан жер қатынастары саласындағы жүйелі бұзушылықтарға жол берілгені анықталды, – делінген хабарламада.

Бұл әрекеттер мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық ретінде сараланып, оны атқаратын лауазымынан босату түрінде тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды.