Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы және Жамбыл облысы бойынша департаменттерінің жаңа басшысы тағайындалды.
ҰҚК баспасөз қызметі мәліметінше, Алматы облысы бойынша ҰҚКД басшысы болып Алмас Наймантаев, ал Жамбыл облысы бойынша ҰҚКД басшысы болып Нұрлан Кәрібжанов тағайындалған.
Еске салайық, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы Қазақстанның басқа қалаларында да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.
Осы жағдайға байланысты барлық өңірде төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Мемлекет басшысы «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.
6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Сол күні осы қылмысты жасау күдігімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Мәсімовке қатысты мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр. Одан бөлек, ҰҚК-ның бұрынғы басшысына қатысты билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген бап бойынша да тергеу басталды. Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен К.Мәсімовтен басқа ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары – «А» арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы А.Садықұлов пен ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары Д. Ерғожин ұсталды.