Қазақстан мен Марокко қылмыспен күресте күш біріктірмек

Динара Амантай

Бірқатар келісімге қол қойылды

Фото: Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Бас прокурор Берік Асылов Марокко корольдігіне жұмыс сапары барысында елдің Әділет министрі Абдель Латиф Уахбимен қылмыспен күрес, заңдылық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Кездесудің нәтижесінде қылмыскерлерді экстрадициялау, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек, сондай-ақ сотталғандарды беру туралы мемлекетаралық келісімдер жасалды.

Бас прокурордың айтуынша, Марокко корольдігімен мұндай келісімдерді жасау Қазақстан үшін өте маңызды, себебі географиялық орналасуына байланысты бұл ел Гибралтар бұғазы арқылы Африканы Еуропамен байланыстырады.

Қылмыскерлер үшін ықтимал жолдарды жабу және құқықтық өзара іс-қимыл тетіктерін нығайту арқылы Қазақстан мен Марокко азаматтарды қорғауға және екіжақты қарым-қатынастардың тұрақты дамуына ықпал ететін қауіпсіз құқықтық кеңістікті құруда маңызды қадам жасады.

Тараптар қол қойылған халықаралық құжаттардың қылмыспен, атап айтқанда оның трансұлттық түрлерімен күресу саласындағы екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және құқықтық тәртіпті, екі ел азаматтарының конституциялық құқығы мен заңды мүддесін қорғауды қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға арналғанын айрықша атап өтті.