Шерзат Болаттың әкесінің әрекетіне баға берілді – сенатор қозғалған қылмыстық іс туралы

Дәурен Ерболат

Тергеу заң аясында жүргізіледі 

Фото: Halyq Uni

Сенатор Марат Қожаев марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты неге қылмыстық іс қозғалғанына қатысты жеке пікірін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni. 

(Полиция – автор) ол кісінің (Қаржаубай Нұрымов) әрекетінің зиянын зерттеген. (Ол) көліктің дөңгелегін кесіп тастаған ба? Мен оны өзім көрген жоқпын. Ақпаратқа сенсек сондай. (Қаржаубай Нұрымов келтірген – автор) залалдың сомасы 200 АЕК-тен (738 мың 400 теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) асып кетсе, ол қылмыстық іс болады. (Полиция) барлық тергеу мен зерттеуді жүргізіп, сосын шешім қабылданады, – деді депутат Сенаттың жалпы отырысынан соң.

БАҚ өкілдері «Бұған дейін Шерзат Болаттың әкесі 15 тәулікке қамалды. Сіздің ойыңызша, бұл қаншалықты дұрыс шешім?» деп сұрағын нақтылады.

Депутат бәрі заң алдында тең екенін атап өтті.

Барлық ақпарат жарияланды. Мен ақпаратты әртүрлі дереккөзден оқыдым. Адам заңды бұзды, ол жауап беруі керек. Заң бәріне ортақ. Материал сотқа жіберілді, сот (істі) қарап, объективті шешім шығарды. Ол (Шерзат Болаттың әкесі) жасаған әрекеті үшін жазасын алды, – деді Марат Қожаев.

Бұған дейін Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді.