Қазақ спортшысы әлем рекордын жаңартты

Дастан Жұмабекұлы

Қазақстан жалпы есепте көш бастап келеді

фото: kazsports.kz

Мексиканың Леон қаласында ауыр атлетикадан өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының спортшылары 9 алтын, 1 күміс және 6 қола жүлдені жеңіп алды.

Kazsports.kz-тың хабарлауынша, төртінші жарыс күні Едіге Емберді (73 килоға дейін) жұлқа көтеру сайысында 134 кг көтеріп, топ бастады. Одан кейін ол серпе көтеруде үшінші мүмкіндігін пайдаланып, 172 кило зілтемірді көтеріп, чемпион атанды. Жалпы нәтижесі – 306 кг.

Сондай-ақ, ол 172 кг серпе көтеруде жасөспірімдер арасында әлем рекордын жасады. Бұл – Мексикадағы жарыста жаңарған алғашқы рекорд. Өзбекстандық Диорбек Ирматов күміс, канадалық Брайан Ибаньес қола жүлдегер атанды.

Осы күні екінші алтынды Денис Полубояринов иеленді. Ол 81 кг дейін салмақта күш сынасып, екі жаттығуда да қарсыластарына дес бермей, жалпы есепте топ жарды. Денистің көрсеткіші – 323 кг (143+180). Бұл сында күміс жүлдені итальян Якопо Фальсинотти алды. Ол жұлқа және серпе көтеруді қосқанда 293 килоны (132+161) басынан асырды. Жарыс қожайыны Иханн Баррера 280 кг (119+161) көтеріп, қола медалист атанды.

Жарыста Алина Колиушко 59 килоға дейін салмақта өнер көрсетіп, құрмет тұғырына көтеріле алмады. Ол жетінші орынды қанағат тұтты. Алина екі жаттығу қорытындысында 174 кг (78+96) көтерді.

Бұған дейін бір күн бұрын Ерасыл Сәулебеков 67 кг дейінгі салмақта алтын жүлдені жеңіп алған болатын. Ол қос жаттығу қорытындысы бойынша 281 килоны басынан асырды. Жұлқа көтеруде 123, серпе көтеруде 158 килограмды көтеріп, екі бағдарламада да қарсылас шақ келтірген жоқ.

Қазір Қазақстан құрамасы 9 алтын, 1 күміс және 6 қола медальмен жалпы есепте жеке дара көш бастап келеді.