«Шешім журналистикасының зертханасы» жобасына өтінімдерді қабылдау басталды
Жобаға 45 үміткер іріктеледі

«Solutions Journalism Lab 2.0» жобасына өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры «Solutions Journalism Lab 2.0» жобасына өтінім қабылдау басталғанын хабарлады. Бұл жоба журналистерге, блогерлерге және медиасаланың мамандарына өздерін заманауи журналистика жанрында сынап көруге бірегей мүмкіндік береді. Аталған жанр қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, сондай-ақ олардың тиімді шешу жолдарын да ұсынады.
Жобаның бірінші легіне зертхана резиденттері болып 45 үміткер іріктеледі деп жоспарланып отыр. Резиденттер материалдар шығару үшін вебинарлар сериясы арқылы қажетті білім алып, тәжірибелі тәлімгерлердің жеке қолдауына ие болады. Сондай-ақ журналистерге ресурстарға қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда дерекқорларға қолжетімділік пен заңгерлік кеңестер ұсынылады. Бұған қоса, жобаға қатысуға жұмсалған уақыт үшін резиденттерге материалдың күрделілігіне байланысты 200 000-нан 1 000 000 теңгеге дейін өтемақы қарастырылған.
Жоба өңірлік қазақ тілді журналистер мен БАҚ қызметкерлерінің қатысуына ерекше назар аударады. Өтінімдер 2025 жылдың 10 қаңтарына дейін қабылданады. Шешім журналистикасының зертханасына қатысу үшін журналистер жобаның ресми сайтына - www.solvefuture.kz өтіп, анкетаны толтыруы қажет.
Еске салсақ, Шешім жуналистикасының зертханасы(Solution Journalism Lab) «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры Ұлыбритания үкіметінің қолдауымен 2023 жылы басталған болатын. Бұл жоба Қазақстанда және одан тыс жерлерде оң өзгерістер алып келетін, қоғамдағы проблемалардың шешімдерін іздейді және оның жүйелі түрде жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Жобаның мақсаты - Қазақстан қоғамындағы маңызды тақырыптарды объективті жариялауды қолдай отырып, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне үлес қосу.