Үкімет Ұлытау облысында мектеп салуға 1,2 млрд теңге бөлді
Қаржы шетелге заңсыз шығарылған активтер есебінен алынды
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Мыңадыр стансасында 80 орындық мектеп салуға 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Үкімет ұсынған ақпаратқа сәйкес, мұнда жұмыс істеп тұрған мектеп – осы аймақтағы жалғыз білім беру мекемесі. Ғимарат 1981 жылы салынып, 2000 жылдары қосымша кеңейтілді. Бүгінде мектеп шамадан тыс толған: жобадағы 60 орынның орнына мұнда 123 оқушы оқып жатыр. Мектепте химия, биология, физика және география бойынша зертханалық кабинеттер, спорт залы, шеберхана, еңбек кабинеттері жоқ.
Құрылысты бастау 2025 жылдың I тоқсанына жоспарланған.
Айта кетсек, бұған дейін Үкімет бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру туралы шешім қабылдаған болатын. Олардың қатарында Зеренді ауылында (Ақмола облысы) спорт кешені, Темірлан ауылында (Түркістан облысы) музыка мектебі, Арқалықта дарынды спортшы балаларға арналған спорт орталығы, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығы, Ақтөбеде ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Жамансор ауылында (Атырау облысы) мектеп, Риддердегі көпсалалы аурухана құрылысын аяқтау, сондай-ақ Шымкентте «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» кешеніндегі жатақхана құрылысы секілді жобалар бар.