Ұлттық банк алаяқтар туралы мәлімдеме жасады

Ербол Тұрымбет

ҚҰБ атынан деп таралып жатқан жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады

Фото: ҰБ

Ұлттық Банктің фирмалық бланкін пайдаланып, азаматтарға жалған құжат жолдаушы алаяқтардың көбейген. Бұл туралы Ұлттық банк мәлімдеме таратты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бас банк мәлімдеуінше, қаскөйлер Ұлттық Банк атынан жіберген жалған хаттарда алаяқтардың құрбаны болғанын хабарлайды. Сөйтіп, алаяқтардан ақшаны қауіпсіз түрде қайтару үшін және «клиринг процедурасынан өтуге байланысты қаржы міндеттемелерін» өтеу үшін ақша аудару керек екенін айтады.

ҚҰБ жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, қаржы құралдарын сақтандырмайтынын және халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске саламыз. Интернет алаяқтары мұндай хабарламаларды WhatsApp мобильді қосымшасы, электрондық пошта және әлеуметтік желілер арқылы таратады, – деп жазылған ресми хабарламада.

Осыған байланысты Ұлттық Банк азаматтарды сақ болуға, күмәнді шоттарға ақша аудармауға, жалған хабарламалар мен тексерілмеген құжаттарға сенбеуге шақырады.

Сондай-ақ, мұндай схемаларды алаяқтар құқық қорғау органдары немесе Ұлттық Банк қызметкерлерінің атын жамылып жүзеге асыруы мүмкін екенін еске салады. Олар мұны «аударымдарды алаяқтардан сақтандыру процедурасы», қаржы ұйымдарындағы «алаяқтарды ұстау», «арнайы органдардың тексеруі» немесе мемлекеттік органдардың бірлескен «арнайы операцияларына» қатысу сияқты түрлі жалған процесс ретінде түсіндіріп, алдап соғуы ықтимал.

Сондықтан, өзіңіз немесе танысыңыз осындай алаяқтық схемаға тап болып жатсаңыз, арыз жазып, құқық қорғау органдарына жүгіну жолдарын ұсынады. Кеңес алу үшін ҚҰБ-тың байланыс орталығына 1477 нөмірі арқылы хабарласуға болады.