Оралда салынып жатқан 7 қабатты жұмбақ ғимарат прокурорлардікі ме?
Жұмбақ ғимараттың анық-қанығын жергілікті белсенді азамат анықтап білді
Оралда дәл қазір БҚО прокуратурасына арналған 7 қабатты ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Жергілікті әкімдік құрылыс туралы мәлімет беруден бас тартқанымен, жергілікті қоғамдық белсенді Бауыржан Ахметжан оның прокурорларға арнап салынып жатқанын дереккөздерден анықтап білген, деп хабарлайды Halyq Uni.
Нысанның паспортына сай тапсырыс беруші – БҚО Құрылыс басқармасы (Әлібек Антазиев), мердігер – «KazConstructionGroup» ЖШС (Мұратбек Мухамбедиев), ал жобасын жасаушы – «Сана Маркет» ЖШС (Жасталап Қабиев). Жоба 2025 жылдың 27 қаңтарында бітеді.
Құрылыс басқармасынан шарт құны, қай мекемеге салынып жатқаны, техникалық және авторлық қадағалау кім екені туралы мәлімет сұраттым. Алайда, орынбасары Нұркен Молдашев құжаттарды ұсынудан бас тартты. Оның ойынша, нысан мемлекеттік құпия және таратылуы шектелген қызметтік ақпарат. Бірақ, ол бос әңгіме, – дейді қоғамдық белсенді.
Ол goszakup.gov.kz порталынан бірқатар деректі анықтап білген. 2016 жылы шілдеде жоба-сметаға тапсырма, қыркүйекте жер учаскесі және қалған рұқсат құжаттары берілген. 2017 жылы сәуірде «Мемсараптама» РМК БҚО филиалы директоры Бауыржан Сейітқали «Орал қаласы әкімшілік ғимарат салу» жобасына оң қорытынды берген.
Ол жоспарға сай 6511,7 шаршы метрді алатын 7 қабатты ғимарат 15 айда бітуі керек. Жоба құны 1,8 млрд теңге. Оның ішінде 1,1 млрд-ы құрылысқа, 413 млн-ы жабдықтарға және қалған 341 млн-ы басқа шығындарға қарастырылған.
Ең қызығы, сол құжатқа сай, ғимарат тек қана прокурорларға арналған!
Себебі:
0-қабатта – душ, дәретхана, жаттығу залы, 44 орынға асхана, 8 адамға VIP-зал, жауап алу кабинеті, адамдарды уақытша ұстау бөлмесі, қару ату жаттығуы бойынша бөлме, 6 көлікке паркинг;
1-қабатта – азаматтардың арызын қарау бойынша көмекшінің кабинеті, 200 орындық мәжіліс залы, қару сақтау бөлмесі;
2-қабатта – табиғат қорғау прокуратурасының кабинеттері, арнайы прокурорлар кабинеттері;
3-қабатта – прокурор орынбасарының кабинеті, басқарма бастығының кабинеті;
4-қабатта – криминалистика және тергеу эксперименттерінің зертханасы, прокурор орынбасарының кабинеті;
5-қабатта – прокурор орынбасарының кабинеті, компьютер кабинеті;
6-қабатта – кадр бөлімі, облыс прокуроры кабинеті, жиналыс залы, демалыс бөлмесі, аппарат басшысы кабинеті, мемлекеттік тілді дамыту бойынша аға көмекшінің кабинеті, НҚА аудармаларын өзгерту бойынша инспектордың кабинеті;
7-қабатта – музей, мәжіліс залы, прокурор кабинеті, демалыс бөлмесі, қазақ тілі кабинеті қарастырылған.
2023 жылы Әлібек Антазиев пен Жасталап Кабиев «әкімшілік ғимарат салу» жоба-смета құжатын түзетуге 33,8 млн-ға шарт жасалған. Алайда, порталда Құрылыс басқармасы мен «KazConstructionGroup» ЖШС арасындағы шарт жоқ. Фирманың иесі Мұратбек Мухамбедиев БҚО мәслихатының депутаты және Amanat партиясының мүшесі. Осылайша, ашық ақпараттарды жинай келіп, Оралдағы әкімшілік ғимарат БҚО прокуратурасына арналған екен деген ой түйген.
Ал, прокурорларға су жаңа ғимаратты қай әкім «сыйлаған» және оны кім сұрағанына келейік. Облыс әкімдігі 2016 жылы шілдеде смета жасауға тапсырма берсе, қала әкімдігі қыркүйекте жер берген. Ол кезде БҚО әкімі Алтай Көлгінов, ал Орал әкімі Нариман Төреғалиев еді. БҚО прокуроры Серік Қараманов, ал кейін Сапарбек Нұрпейісов, Орал қаласы прокуроры Айдын Рашидов болды.
Мүмкін, прокурор Серік Қараманов 2016 жылдың наурызына дейін БҚО әкімі болған Нұрлан Ноғаевтан сұраған да болар, идея екеуінікі болуы мүмкін. Ең қызығы, сол кездегі қала әкімі Нариман Төреғалиұлы ғимаратқа жерді бөлсе, қазір облыс әкімі ретінде ғимарат салуға рұқсатын және бюджеттен ақшасын бөлгізген болуы мүмкін. Қазіргі облпрокурор Серік Шалабаев әкімнің ыңғайын тапса керек. Жақсы, прокурорларға жаңа жұмыс орны мен жайлы кеңсе керек-ақ, бірақ, халықтың қаражатына салынатын нысанның қай жері мемлекеттік құпия екені түсініксіз, – дейді жазба авторы.
Оның үстіне мердігер – депутаттың компаниясы екенін айтады.
Соған байланысты қоғамдық белсенді «заңды қадағалауға міндетті прокурордың тиiстi әкiмшiлiк-аумақтың мүдделерiн бiлдiретін әкімінен «сый» алуы дұрыс па?» деген орынды сауал көтереді.
Айта кетерлігі, дәл қазіргі бағамен нысанға 3-3,8 млрд кетейін деп тұр.