Тоқаев халықаралық ұйымның басқарма төрағасын қабылдады
Қазақстан ӨСАБ-қа 2007 жылы аталған ұйымға мүше болды
Мемлекет басшысы «Өндіруші салалардың ашықтығы бастамасы» ұйымының басқарма төрағасы Хелен Кларкты қабылдады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2007 жылы аталған ұйымға мүше болғалы бері ӨСАБ стандарттарын сақтауға бейілдігін көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Елімізде жер қойнауын пайдаланушылардың ұйым талаптарын сақтау міндеттемелері және бюджетке аударатын салық пен басқа да төлемдері бойынша есебі заңнамалық деңгейде бекітілді.
Ұйым басшысы геологиялық барлау мен кен өндіру саласында қабылданған реттеу шараларымен танысты. Атап айтқанда, саланы дамытудың кешенді жоспары қабылданып, интерактивті карта мен 50 мыңнан аса геологиялық есептер қамтылған Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы іске қосылды. Бұдан бөлек, бизнестің барлау және өндіру жұмыстарына лицензия алу тәртібі жеңілдетілді.
Хелен Кларк ұйымның алдағы кезеңге арналған стратегиялық жоспарымен және басым бағыттарымен бөлісті. Ол Қазақстанның жер қойнауын пайдалануға қатысты заңнамалық актілерін жетілдіру жұмыстарын жоғары бағалады.