2,5 мыңнан аса нысан 5 млрд теңге субсидия алып, жұмысын тоқтатқан – Смайылов

Дәурен Ерболат

Бөлінген қаржының тиімділігі аз 

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Елімізде 2,5 мыңнан аса нысан 5 млрд теңге субсидия алып, жұмысын тоқтатқан. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау жүйесінде де кемшіліктер барын атап өтті.

Субсидияның түрлері мен бағыттары үнемі өзгеріп отырады. Оларды ұсыну тетігі де іске асыру барысында өзгереді. 5 жылда 70-тен астам өзгеріс енгізілді. Ережелер жекелеген жағдайларда кешіктіріліп қабылданған. 5 жылдан астам уақыт өтсе де, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұлғайтуды субсидиялау жөніндегі ережелер әлі де жоқ. Бұл осы бастамалар ұсынылған уақытта субсидиялау тәсілдерінің пысықталмауы себебінен болып отыр. Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жаңашылдықтарға бейімделуі қиын және мемлекеттік қолдау шараларына сенімсіздіктің туындауына әкеледі, - деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында. 

Оның айтуынша, жыл сайын субсидиялау көлемі артып келеді. Алайда оларды тиімді пайдалану мәселесі шешілмеген.

Субсидиялаудың нақты басымдығы белгіленбеген. Бұл субсидия қаражатын көптеген бағытқа шашуға ықпал етеді. 17 бағыт бойынша 67 субсидия түрі бар, ал олардың әсері шамалы әрі нақты нысаналы индикаторлар айқындалмаған. Сарапшылардың бағалауынша, бағыттардың көптігіне байланысты бірқатар субсидия 2 есе аз қаржыландырылады. Көп жағдайда субсидия алуға берілген өтінімдердің орындалуы 2 жылға дейін созылады. Субсидия алушыларға бағалау жүргізілмейді. Мұның бәрі өз қызметін субсидия алғанға дейін немесе одан кейін тоқтатқан 2,5 мыңнан астам субъектіге 5 млрд теңге субсидия төленуіне әкеп соққан. 5,4 млрд теңгеге субсидия алғандардың 3 мыңға жуығы тіпті агроөнеркәсіп кешенінің субъектілері емес. Мұндай жағдайда субсидиялаудың тиімділігі туралы айтудың өзі де қиын, - деді төраға.