Шерзат Полаттың әкесі 15 күнге қамалды
Сондай-ақ, тағы екі адам жауапқа тартылды
Алматы облысы Талғар қаласында кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімнің әкесі 15 күнге қамауға алынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Әкімшілік іс Еңбекшіқазақ аудандық сотында қаралды.
Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін (ӘҚБтҚ 434 -бабының 1 - бөлімі) азамат Қ. Нұрымов (Шерзат Болаттың әкесі – авт.) 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – делінген сот хабарламасында.
Сондай-ақ оның бауыры Салтанат Нұрымоваға ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Сонымен бірге туысы Б. Реймова да бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды. Оның азаматтығы жоқ болғандықтан, әйел кейіннен ел аумағынан шығарылады.
Еске сала кетсек, биыл 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар қаласында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмған еді.
12 қазанда марқұмның отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кетті. Полиция 5 бап бойынша қылмыстық істі тіркеді. 11 күдікті ұсталды.
9 желтоқсанда Талғар қаласының маңында Шерзат Болаттың 30 жастағы ағасының мәйіті табылған болатын. Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне жазған хабарламасы анықталған.