Олжас Бектенов Kazakh Invest директорлар кеңесінің отырысын өткізді
Келер жылға жұмыс жоспары бекітілді
Премьер-министр Олжас Бектенов «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Жиында жүргізіліп жатқан жұмыс қорытындылары және ұлттық компанияның ел экономикасына одан әрі инвестиция тарту жөніндегі жоспарлары қаралды.
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Елекеев биыл орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде 4,8 мыңға жуық жұмыс орнын аша отырып, құны 1,1 млрд доллар болатын 22 инвестициялық жоба іске қосылғанын баяндады.
Ақпаратқа сәйкес, 7 жоба бойынша, оның ішінде Жамбыл облысында 1 ГВт ЖЭС салу, Алматы облысында сүт өнімдерін өндіру, Шымкент қаласында жылыжай кешенін салу бойынша жалпы құны жалпы 2,5 млрд доллар болатын инвестициялық келісімдерге қол қойылды.
Алдағы үш жылда CHN Energy, Carlsberg, PepsiCo, ULTRADECOR, LASSELSBERGER GROUP сияқты және басқа да компаниялармен бірлесе отырып, ірі жобаларды іске асыру үшін 10 млрд доллар тарту жоспарланып отыр, — делінген Үкімет хабарламасында.
Сондай-ақ, инвестициялық қызметті цифрландыру бойынша ақпарат тыңдалды. Инвестициялық жобаларды барлық кезеңдерде – оларды іске қосудан бастап пайдалануға беру және одан кейінгі үш жылдық мониторингіге дейінгі сүйемелдеудің кешенді экожүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Инвесторлармен өзара іс-қимыл «бір терезе» қағидаты бойынша құрылады, сонымен бірге «жасыл дәліз» және «прокурорлық сүзгі» тетіктерінің жұмысы қамтамасыз етіледі.
Отырыс қорытындысы бойынша 2025 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.